«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» аймақтық форумы өтті

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында жас мұғалімдердің «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» аймақтық форумы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шараға Қарағанды облысының 130-дан астам педагогі қатысты.

Форум жас мұғалімдер үшін пікір алмасып қана қоймай, табысты адамдар мен өз қатарластарының ойын біліп, қызықтырған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік беретін пікірталас алаңына айналды.

Форумды бастаған қарағандылық NIS директоры Равиль Якупов жас мұғалімдерге табыс тілеп, Зияткерлік мектептің есігі жас мұғалімдерге әрдайым ашық екенін атап өтті:

– Осы форумнан кейін бір-біріңізбен жақын танысып, бірлесіп жұмыс жасағыларыңыз келсе, пікір мен идеяларды ортаға салатын алаң ұсынуға дайынбыз. Мұғалім үшін ниеттес адамдардың арасында өмір сүріп, бірге дамып, бірге еңбектену өте маңызды.

Қарағанды облысы оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Диана Суртубаева форумға жиналғандарды облыс бойынша жас мамандарға арналған мүмкіндіктермен таныстырды.

Форумның арнайы қонақтары ретінде жетістікке жеткен қарағандылық белгілі азаматтар сөз сөйледі. Суретші, халықаралық «Атом» жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковтің өмір жолы жас мұғалімдердің ешқайсын бейжай қалдырмағаны анық. Қарағандылық суретші білім берумен қатар, оқушылардың бойында мейірім, қамқорлық сияқты адамгершілік қасиеттерді дамытудың маңызын ерекше атап өтті. Ал танымал жүргізуші Айбат Никулин мақсат қойып, оған жетудің жолдарын ұсынды.

Тақырыптық алаңдарда мұғалімдер білім берудегі басты мәселелерді талқылап, бірлесіп шешім іздеуге мүмкіндік алды. Жас педагогтерге Педагогикалық шеберлік орталығы мамандарының сабақ құрылымын зерттеу, функционалды сауатты арттыру, SAMR технологиясы сияқты маңызды тақырыптар бойынша тренинтері ұсынылды. Қарағанды облысының атынан республикалық жас мұғалімдер форумына қатысқан педагогтер де өз білгенін ортаға салып, сабақ беруде қолданатын түрлі әдіс-тәсілдерін бөлісті.

Ал Зияткерлік мектептің педагог-психологтары өткізген тренингте мұғалімдер эмоционалды интеллектінің маңызы жайлы біліп, эмоцияны тану және басқарудың жолдарымен танысты.

Мұғалімдерің білімі мен білігін арттыруға арналған тренингтерден бөлек, қызықты уақыт өткізіп демалуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды. Жас педагогтер спорттық ойындар ойнап, сурет салып, фильм дыбыстады.

Форум соңында қатысушылар әсерін бөлісіп, алдағы уақытта осындай кездесулердің жиі ұйымдастырылуына тілектес екендерін жеткізді.

– Форум өте жоғары деңгейде өтті. Өзім сияқты жас мамандарды көріп, серпіліп қалдым. Көп құнды, пайдалы ақпарат алдым, – деп бөлісті Үштөбе тірек мектебінің мұғалімі Нұрлан Абдуллин.