Мектеп еріктілері достармен кездесті

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мейірім көпірі» еріктілер клубы мен ұстаздары облыстағы Даму мүмкіншіліктері шектелген балаларға арналған балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті.
«Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасы аясындағы дәстүрге айналған кездесуде мектеп жатақханасында тұратын оқушылар қазақ ертегілері негізінде дайындаған қуыршақ қойылымын сахналап, өнерлерін көрсетті. Қойылымнан кейін еріктілер кішкентай көрермендерге қуыршаққа қалай «жан бітіруді» үйретіп, балаларды қызыққа бөледі.
Сондай-ақ биді ұнататын балаларға арнап оқушылар заманауи би бойынша шеберлік сыныбын өткізген болатын. Ал «Тәлімгерлік» жобасы аясында табиғатты жақсы көретін балалар биология сабағына қатысып, сирек кездесетін жануарлар жайлы ақпаратқа қанықты.
Шара соңында тәрбиеленушілер тәтті сыйлықтар алып, қызықты кездесу ұйымдастырған оқушыларға алғыс білдірді.
«Мейірім көпірі» клубындағы оқушылармен балалар үйіне келген сайын әр баланың ешкімге ұқсамайтынын, әрқайсысының өз ойы, ерекше таланты барын байқаймыз. Олардың шын жүрекпен айтқан «рақметі» мені сөзбен жеткізе алмайтын сезімге бөлейді. Сондай-ақ оларға қолдау көрсетіп, сенім сыйлау әлемді жақсы жаққа өзгертуге болатынына сендіреді», – дейді жас ерікті Диас Нурушев.