«Қуыршақ театры» балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуантты

Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мейірім көпірі» клубының еріктілері, педагогтар мен шығармашылық топ «Жас театр әуесқойлары» жобасы аясында Қарағанды қаласының ерекше білім алуды қажет ететін балаларды қолдау орталығындағы тәрбиеленушілермен кездесті.

Қуыршақ театры әртістері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Бауырсақ» халық ертегісі негізіндегі қызықты спектакль дайындады. Зияткерлер қуыршақтарды шебер ойнатып, кішкентай көрерменді қуаныш пен қызыққа бөледі. Спектакльден кейін балалар қуыршақтарды ұстап, оларды басқаруды үйренді.

Спектакльден кейін еріктілер балалармен «Көңілді жұмбақ» және «Ертегіні тап!» ойындарын ойнады. Кішкентай көрермендер ойынға белсене қатысып, тәтті сыйлықтарға ие болды.

Бұдан соң еріктілер би флешмобын ұйымдастырып, балаларға керемет эмоциялар сыйлады.

Кездесу соңында кішкентай достарымыз шын жүректен алғысын білдіріп, театр әуесқойлары жобасының келесі қойылымын асыға күтетінін айтты.

«Балалар үйіне әр келген сайын спектакльден кейінгі балалардың шынайы «рақметін» есту мұғалімдер мен оқушыларға ерекше әсер беріп, жүректі толқытады. Сонымен қатар үлкен мотивация беріп, бұдан да жақсы өнер көрсетуге ұмтылыс сыйлайды. Жоба аясындағы мұндай кездесулер балаларды театр әлемімен таныстырып, олардың шығармашылық әлеуетін, бейнелі ойлауы мен қиялын дамытуға, сондай — ақ оларға қуаныш сыйлауға мүмкіндік береді», – дейді мектеп жатақханасының тәрбиешісі, қуыршақ театрының жетекшісі Эльмира Мукатова.