Ұрпақтар сабақтастығы

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Ұрпақтар сабақтастығы” жобасының таныстырылымы өтті. Халықаралық қарттар күні қарсаңында басталған жоба зейнеткерлер мен мектеп оқушыларының арасында достық қарым-қатынас орнатып, үлкендердің мектеп өміріне белсенді араласуыны мүмкіндік беруді көздейді.
 
“Біз оқушыларымыздың жан-жақты дамығанын қалаймыз. Яғни, химия, физика немесе ағылшын тілін ғана терең меңгеріп қоймай, бойларына адами құндылықтарды да қоса сіңірсе дейміз. Әрқайсыңыздың өмір жолында жиған тәжіриебелеріңіз бар, түйген даналықтарыңыз бар. Соны біздің балалармен бөліссеңіздер екен”, – деді мектеп директоры Равиль Якупов.
 
Мектеп оқушылары да өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ал түрлі тапсырмаларды орындау барысында қатысушылар бір-бірімен, сондай-ақ жаңа жобаға жауапты мұғалімдермен жақын танысты. Қарттар өз өмір жолын баяндап қана қоймай, жастарға ақыл-кеңестерін берді.
 
“Үнемі жақсылық жасау керек. Өйткені жақсы іс те, жаман іс те өзіңе қайтып келеді. Өздеріңе сеніңдер, ештеңеден қорықпаңдар. Осы клубқа шақырғандарыңызға рахмет! Алда болатын кездесулерді асыға күтетін боламын”, – деді қонақтардың бірі Римма Джангельдинова.
 
“Мен бүгінгі кездесуден көп қызықты мәлімет алдым. Әсіресе, бұрын адамдардың техникалық мамандықтарға қызығып, сол салада жұмыс жасағаны маған ерекше әсер етті. Өйткені қазір жастардың көбі техникалық мамандықтарға барғысы келмейді”, – дейді тоғызыншы сынып оқушысы Нұрғалы Дүйсен.
 
Кездесуден кейін оқушылар қарттарға мектепті таныстырды. Келесі кездесу 5 қазан күні сағат 10.00-де өтпек. Жаңа мүшелерге әркез есігіміз ашық!