“Ұрпақтар сабақтастығы” аясындағы кезекті кездесу

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында құрылған клубтың кезекті кездесуі өтті. Бүгінгі кездесуге келген қарттар алдымен «Пайдалы мобильді қосымшалар» курсына қатысып, смартфонның тиімді тұстары жайлы ақпаратқа қанықты. Ал сәндік-қолданбалы өнер бойынша өткен шеберлік сыныбында клуб мүшелері фетрден телефонға арнап қап дайындап, оны ою-өрнекпен әрлеуді үйренді.

Сондай-ақ қарттар бейнелеу өнері студиясында қонақ болып, мектеп мұғалімдерінің көмегімен батиктен сәнді қол орамал жасаудың, саз-балшықтан музыкалық аспап пен ыдыс-аяқ дайындап, графикалық сурет салудың қыр-сырымен танысты.

Клуб мүшелері қызыққа толы кездесуді ұйымдастырған мектеп ұжымына алғыс білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі.