IQanat Hackathon: Білім. Тәжірибе. Мүмкіндік

Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Семей және Шымкент қалаларындағы NIS-те өткен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған IQanat Hackathon жобасы аяқталды. Оқушылар туған жеріне жаңа тәжірибе мен тың білім алып қайтып барады.

Жобаның салтанатты жабылу кешінде қарағандылық NIS оқушылары мен мұғалімдері Iqanat-тықтарға ақ жол тілеп, жылы лебізін білдірді.

– Сіздерге біздің мектеп ұнады деп үміттенемін. Бұл жерде жаңа достар тауып, жақсы әсер алдыңыздар деп ойлаймыз. Әрқайсымыз әр тарапқа кетсек те, бәрімізді IQanat Hackathon жайлы жылы естеліктер біріктіретін болады, – деп атап өтті мектеп директоры Равиль Якупов.

Төрт күн бойы ауыл балалары NIS мұғалімдерінің жетекшілігімен WEB-бағдарламалау мен мобильді қосымшаларды әзірлеуді үйреніп, Python бағдарламалау тілін меңгерді.

Сабақтан бос уақытта оқушылар көшбасшылық қабілетті арттыруға бағытталған тренингтерге қатысып, «Туған елге тағзым» зерттеу-өлкетану экспедициясы, «Қазақтың 100 әні», «Қазақтың 100 күйі» сияқты NIS жобаларымен танысты. Пән мұғалімдері ұйымдастырған «Қызықты математика», «Театрлық көріністер», «Білім батл», «Қызықты химия» сияқты станцияларда білімін сынап, зияткерлік ойындарға қатысты. Сонымен қатар Қарағандының көрікті жерлерін аралап, өңір тарихы жайлы тың ақпаратқа қанықты.

– Біз үшін ұйымдастырылған іс-шаралар мені керемет әсерге бөледі. Әр күн ерекше және қызықты өтті. Сабақтарда үйренгенімді болашақта пайдаға асырамын деп ойлаймын, – деп бөлісті Солтүстік Қазақстанның Пресновка ауылынан келген Олег Гусев.

Салтанатты кеште Hackathon қатысушыларының математикалық қабілетін арттыруға бағытталған батлдың қорытындысы да жарияланды. Бірінші орын Елжас Дулатұлына бұйырса, екінші орынды Әмір Қайыржанов иеленді. Ал Игорь Салаватов үшінші орыннан көрінді.