«Инсульт алған адамдарды оңалту бойынша тездетілген курс» әлеуметтік жобасы мәресіне жетті

Stroke Rec AR интерактивті қосымшасы арқылы инсульт алған адамдарды сауықтыру бағдарламасы негізінде жасалған «Инсульт алған пациенттерді оңалту бойынша тездетілген курс» әлеуметтік жобасы мәреге жетті.

Бұл әлеуметтік жоба Қарағанды облысының волонтерлік ұйымдары арасында өткен үздік жобалар байқауында жеңіске жеткен болатын. 500 мың теңге грант сомасына мектебіміздегі «Мейірім көпірі» еріктілер клубының мүшелері қажетті жабдықтарды сатып алып, Қарағанды қаласының «Гиппократ» клиникасының оңалту орталығы базасында пациенттерді оңалту курсын өткізді.

7 апта бойы жүргізілген зерттеу инсульттан кейінгі оңалтудағы Stroke Rec Ar бағдарламасының тиімділігін бағалауға бағытталған. Зерттеу нәтижелері SR бағдарламасымен емделген эксперименттік топтағы 8 науқаста дәстүрлі оңалту жолымен емделген бақылау тобындағы 7 пациентке қарағанда когнитивті және моторлық функциялардың, есте сақтау, зейін және тапсырмаларды шешу ашығының айтарлықтай жақсарғанын көрсетті.

Жалпы алғанда бұл зерттеу SR бағдарламасы инсульттан кейінгі оңалтудың тиімді құралы бола алатынын және дәстүрлі оңалту әдістерімен салыстырғанда когнитивті және моторлық функциялардың, есте сақтау, зейін және тапсырмаларды шешу қабілетінің жақсаруына әкелуі мүмкін деген қорытындыға келеді.

Бағдарлама авторы – 12-сынып оқушысы Ұлан Мұстафинге оңалту бағдарламасын жетілдіру бойынша зерттеулерде одан әрі табыс тілейміз.