Қарағандылық NIS оқушысы Джонс Хопкинс университетіне шақырту алды

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Адина Джайлова Джонс Хопкинс университетіне (John Hopkins University) шақырту алды.

Джонс Хопкинс университеті – АҚШ-тың алғашқы ғылыми университеті. Бүгінде бұл оқу орны АҚШ-тың басқа академиялық мекемелеріне қарағанда зерттеулерге көп қаражат бөледі. Сонымен қатар АҚШ-тағы оқыту мен зерттеуді біріктіріп, білім беру саласында революция жасаған алғашқы оқу орны ретінде танымал. Бүгінгі таңда университет түлектері арасында Нобель сыйлығының 27 лауреаты бар.

Джонс Хопкинс Университеті АҚШ-тың үздік он оқу орнының қатарына кіреді, QS университеттерінің әлемдік рейтингінде 24-ші орынды иелденген. Университетке түсу рейтингі 6,5 % құрайды.

Университетте Адина биохимия саласы бойынша білім алуды жоспарлап отыр.

– Нақты мамандықты екінші курстың аяғына қарай таңдай аламын. PhD дәрежесін алып, Қазақстанда ғылымның дамуына үлесімді қосқым келеді.

Адинаға сонымен қатар University of Pittsburgh, Michigan State University мен Northeastern University сияқты оқу орындарынан шақырту келді.