WRO-2022: аймақтық іріктеу жарыстары өтті

30 сәуірде Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде робототехника бойынша халықаралық олимпиаданың (WRO-2022) аймақтық іріктеу жарыстары өтті. Биылғы жарыс адам өмірінде жасанды интеллектінің рөлін айқындауға бағытталған «My robot — my friend» тақырыбымен өтуде. Бұл маусымда қатысушылар роботтардың адамдарға қалай көмектесе алатынын және робот пен адамның өзара әрекетін қалай пайдалы және қауіпсіз етуге болатынын қарастыратын болады.

WRO аймақтық кезеңіне өткен 27 команда келесі санаттарда жарысты: RoboMission (негізгі), Future Innovators (шығармашылық), RoboSports және Future engineers. Сондай — ақ, осы маусымда қатысушылардың жас топтары бойынша өзгерістер болды: кіші (8-12) — орта (11-15) — үлкен (14-19).

RoboMission кіші санатында Осакаровка кенті «Жастар» балалар мен жасөспірімдер орталығының «Jastar» командасы (Ратмир Доминов, Илья Кацапов) жеңімпаз атанды. Жетекшісі – Юрий Федоров.

RoboMission орта санатында бірінші орынды қарағандылық NIS-тің «Thorium» (Алдияр Нақып, Сұлтанби Исатай) командасы жеңіп алды. Зияткерлік мектептің тағы бір командасы – «Symapla» (Асулан Ержан, Алпамыс Исабеков) үлкен топта жеңімпаз деп танылды.

Future Innovators кішсанатында Нұра ауданынан келген «Тассуат» (Артем Бирюков, Дмитрий Попов) командасының қатысушылары робот-дәрігерді құрастырып, жеңіске ие болды. Жетекшісі – Павел Бирюков.

Future Innovators орта санатында Балқаш қаласының №8 жалпы білім беретін мектебінің «SMARTSARBAZ» (Темірлан Ералы, Рахметолла Зубайрин) командасы жеңіске жетті. Жетекшісі – Жанболат Оспанов.

Future Innovators үлкен санатында Қарағандыдағы «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының «Genotype» командасы (Ян Кудашов, Боранбаев Адиль) үздік деп танылды. Жетекшісі – Қайрат Исмаилов.

Robosports категориясында қатысушылар өзара жарысатын спорттық роботтарды құрастырды. Бұл санатта қарағандылық NIS-тің «Apollo – 11» (Тимур Молдағалиев, Абылай Қайнар) командасы үздік шықты.

Пилотсыз автомобильдің моделін әзірлеуден сайысқан Future Engineers санатында Н.Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың «64 bit» (Бағдәулет Арғынғазы, Әлихан Сейітқали) командасы жеңіске жетті. Жетекшісі – Айдар Сейлханов.

Өз санаттарында үздік деп танылған барлық командалар осы жылдың маусымында өтетін WRO-2022 ұлттық кезеңіне қатысу құқығына ие болды.

Аймақтық жарыстар мен WRO Ұлттық чемпионатын жыл сайын Қазақстандағы World Robot Olympiad ұлттық үйлестірушісі ретінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы өткізеді. «Біздің міндетіміз — мүмкіндігінше көп жастарға робототехникадан жарыстар ұйымдастыра отырып, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға және мәселені қызықты түрде шешу дағдысын дамытуға жол ашу», – дейді ұйымдастырушылар.