Қарағандыдағы NIS түлегі Азияның беделді оқу орындарына грант жеңіп алды

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Жания Смағұлова Азияның үздік жоғары оқу орындары – Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технология университеті мен Гонконгтегі Қытай университетінің толық грантына ие болды.

Ұзақ ойлана келе Жания Ульсан ұлттық ғылым және технология университетін (UNIST) таңдады. Аталған оқу орны Оңтүстік Кореяның өндіріс астанасы саналатын Ульсан қаласында орналасқан. Университеттің негізі 2009 жылы қаланса да, бүгінде ол әлемдік деңгейдегі білім ордасына айналып үлгерді.

– UNIST Оңтүстік Кореяның үздік университтетерінің бірі саналады. Жыл сайын мұнда 40-қа жуық халықаралық студент қабылданады. Солардың қатарында болу мен үшін үлкен абырой. Оқу орны менің жан-жақты дамуыма, креативті және талантты студенттермен бірге түрлі жобалар жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймын, – дейді Жания.

Университетте Жания халықаралық экономика және қаржы саласы бойынша білім алмақ.

– Болашақта осы саланы тереңірек зерттеп, еліміздің экономикасын өркендетуге ат салысқым келеді, – дейді ол.