Волонтерлік және инклюзивті білім беру

6-7 қыркүйекте Қарағандыда «Инклюзивті қоғамды қалыптастырудағы кітапханалардың даму тенденциялары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Шараға Новосибирск, Санкт-Петербург және Қазақстан қалаларының 11 мамандандырылған кітапханалары басшылары, сонымен қатар Nazarbayev University-дің ассистивті технологиялар және ақпарат қолжетімділігі бойынша сарапшы-менеджері қатысты.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мейірім көпірі» клубының педагогтары мен еріктілері «Инклюзивті білім беруді дамытуға арналған жастар бастамалары» алаңында сөз сөйлеуге шақырылып, инклюзивті қоғамды дамыту мәселелерін талқылауға қатысты.

12-сынып оқушысы Томирис Мадиева конференцияға қатысушыларына мектеп еріктілерімен қатысқан All Inclusive Kids бағдарламасы туралы баяндап, даму ерекшеліктері бар балаларға ағылшын тілін үйреткені туралы тәжірибе бөлісті. Бұл жоба балаларға тек ағылшын тілінің деңгейін жақсартуға емес, сонымен қатар оларға жаңа мүмкіндіктер ашып, достық қарым-қатынас орнатуға көмектесіп, сенім сыйлады. Жобадан кейін Томирис ең белсенді қатысушы ретінде Қарағанды облысы еріктілерінің III облыстық форумының қатысушысы атанып, жаңа тәжірибе алған болатын. Бұдан бөлек Томирис мектептің «Мейірім көпірі» еріктілер клубының «Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйімен орнатқанкөпжылдық ынтымақтастық тәжірибе жайлы да айтып өтті.

Мектебіміздің 12-сынып оқушысы Жансұлу Каримжанова да алаң қатысушыларына All Inclusive Kids бағдарламасына қатысу тәжірибесін бөлісіп, Қазақстандағы инклюзивті білім беру саласындағы мәселелерге тоқталды.

Ерекше қажеттілігі бар жандарға білім беру мәселелерін талқылау инклюзивті білім берудегі жастар мен балалар жобаларын бұдан әрі дамытуға ықпал етіп, қоғамда толеранттылықты арттыруға, адамдар арасында жақсы қарым-қатынас қалыптастыруға мүмкіндік бермек.