Тірек мектептерге арналған шеберлік сабақтары: Балқаш қаласы


«Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері Балқаш қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы № 15 мектеп-лицейінің педагогтарына шеберлік сабақтарын өткізді.

Маңызды тақырыптардың бірі оқушылардың математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауатын дамытуға бағытталған тапсырмаларды әзірлеуге қатысты болды. Мұғалімдер әр оқушының әлеуетін ашуға ықпал ететін және олардың зерттеу машығын дамытатын тапсырмалар құру бойынша тәжірибе алмасты.

Ал сынып жетекшілер оқушыларды құндылықтарға бағыттап тәрбиелеуге қатысты NIS жобаларымен танысты. Сонымен қатар оқушылардың зерттеу машығын дамытуға ықпал ететін ақпараттық-кітапханалық ресурстар ұсынылды.

Шеберлік сабақтарының тағы бірі оқушының мектептегі әл-ауқаты, оның ішінде буллинг мәселесі мен оның алдын алу стратегиясына арналды. NIS педагогтары оқу орындарында қауіпсіз және қолдау білдіретін орта құру бойынша әдістемелер ұсынды.

– Педагогикалық қоржынымыз тың идеялармен толықты.Ұсынылған тақырыптар маңызды әрі өзекті болды. Шығармашылықпен, ізденіспен жұмыс жасауымызға мотивация алдық. Әріптестерімізге көп рақмет!, – деп бөлісті мектеп директоры Айгүл Төкейбекова.