«Тілектер шыршасы»: армандар орындалады!

Жаңа жыл қарсаңында Қарағанды қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мейірім көпірі» клубының еріктілері «Тілектер шыршасы»: армандар орындалады» жалпы мектептік қайырымдылық жобасын ұсынды. Әр бала ғажайып пен сиқырға сенгісі келетін тамаша мереке қарсаңында балаларға қуаныш сыйлап, ізгі іске үлес қосқысы келгендер арасында мұғалімдер, мектеп қызметкерлері, ата-аналар мен оқушылар болды.

Жаңа жылдық жоба бүкіл мектеп қоғамдастығы арасында үлкен қолдау тауып, зор ықыласпен қабылданды. Үлкендер мен оқушылар балалар үйінің тәрбиеленушілерінің «Аяз атаға хатында» жазған арманын орындай отырып, нағыз «Аяз ата» болуға тілек білдірді. Хаттар мектептің фойесінде орналасқан «тілектер шыршасына» ілініп, жоба қатысушыларының әрқайсы бір-бір хаттан алып, хат авторының арманындағы сыйлықты дайындады.

«Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасы аясында қалыптасқан жақсы дәстүрі бойынша жобаны ұйымдастырушылар балалар үйіндегі 132 балаға арналған барлық сыйлықты мекеме басшылығына табыстады.

Сонымен қатар клуб еріктілері мен мектептің өзін-өзі басқару мүшелері мерекелік видеоқұттықтау дайындап, мектеп атынан балалар мен педагогтарға ізгі тілектерін білдірді.

Мектеп әкімшілігі мен жобаны ұйымдастырушылары атынан «Тілектер шыршасы: армандар орындалады» жобасына белсене қатысқан ата-аналар мен оқушыларға, мектеп ұжымына шын жүректен алғыс білдіреміз. Балаларға жаңа жылдық көңіл–күй және, ең бастысы, мейірім мен жылулық сыйлауға мүмкіндік берген жобаға көрсеткен қолдауларыңызды жоғары бағалаймыз!

Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық балалар үйінің басшылығы мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері сыйлаған «сұлулық салонына» арналған керек-жарақтар үшін ерекше алғысын білдірді. Алдағы уақытта түлектер мен жасы үлкен тәрбиеленушілер кәсіптік бағдар беру жұмысы шеңберінде шаштараз ісі мен маникюр өнерін меңгеретін болады.

Келер жылы да игі істер жалғасын тауып, балалардың арманы орындала берсін! Ізгі ниет пен қайырымды істеріңізге рақмет!

Бірге біз әлемді мейірімді, әдемі, бақытты етеміз! Баршаңызға жаңа жыл құтты болсын!