TEDxNIS Karaganda: Ерікті болу – керемет

Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде TEDx клубының «Ерікті болу несімен керемет?» тақырыбындағы конференциясы өтті. Іс-шараға «Жыл еріктісі -2020» халықаралық сыйлығының «Үздік еріктілер ұйымы» номинациясы бойынша жеңімпазы «Мейірім көпірі» еріктілер клубының көшбасшылары қатысты. Еріктілер конференция сұрағына өз тәжірибесіне сүйеніп жауап берді.

Конференцияны еріктілер клубының президенті Алина Абдрахманова «Ерікті болу — талант» тақырыбындағы баяндамасымен бастады. Алинаның пікірінше, «Мейірім көпірі» клубы – адамдарға көмек көрсетудің әртүрлі жолын қарастыратын үлкен алаң:

— Біздің клубта әркім мұқтаж жандарға көмек көрсету арқылы өз талантын аша алады. Егер сізде талант жоқ деп ойласаңыз — қателесесіз, өйткені ерікті болуға деген ұмтылыстың өзі —талант.

Клубтың белсенді еріктісі Алина Кругова NIS-ке түскенге дейін басталған еріктілік тәжірибесін бөлісіп, «Қалай ерікті болуға болады?» тақырыбында ой қозғады.

Клуб көшбасшысы Мейірхан Конуров конференция қатысушыларын «MEDIA SCHOOL» медиа сауат клубының жаңа жобасымен таныстырды. Жоба оқушыларға ақпарат әлемінің құрылымын түсіндіріп, медиа құралдарды тиімді пайдалануды, жеке кеңістікті қорғап, ақпараттық қауіпсіздікті сақтауға көмектеспек.

Волонтер Томирис Мадиева Қарағанды Жастар ресурстық орталығының All Inclusive Kids инклюзивті волонтерлік жобасына қатысудан алған әсері мен ерекше балаларға ағылшын тілін онлайн-оқыту тәжірибесін бөлісті. Осы жобаның арқасында Томирис III облыстық Volunity еріктілер форумының қатысушысы болып, тамаша білім мен баға жетпес тәжірибе алған.

– Дәл осы жоба бізді ерекше балаларға арналған бастамаларға ат салысып, республикалық конкурсқа қатысуға және ZHASPROJECT ұсынған 1 миллион теңгелік грантын жеңіп алуға түрткі болды. Қазіргі уақытта клубымыздың педагогтары және еріктілерімен бірге Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған «Мобильді қосымшаларды бағдарламалау» оқыту курсын өткізіп жатырмыз, – деп атап өтті Томирис. Кездесу соңында еріктілер клубының жетекшісі Гүлнара Сеитова конференция қатысушыларына клубтың жаңа жобалары мен жоспарларын таныстырып, конференция ұйымдастырушылары мен клуб жұмысына ат салысып жүрген барша мектеп қауымдастығына алғысын білдірді.