Рухани келісім күні: эссе байқауының жүлдегерлері марапатталды

Рухани келісім күніне орай Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Менің елім – татулық пен келісім елі» эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. 9-12 сынып оқушылары арасында өткен конкурс Қарағанды облысы Дін істері басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Байқау оқушылардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті дарытып, ұлтаралық, дінаралық достық пен келісімді нығайтуды, сонымен қатар жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыруды мақсат етеді. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған эсселер қабылданды.
Салтанатты шараға Дін істері басқармасының басшысы Жанболат Сектай, облыстық мәслихат депутаты Рысқали Абдикеров қатысты.
Байқау жеңімпаздары, оқушылардың жетекшілері мен қатысушылар арнайы дипломдармен, сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. 9 «А» сынып оқушысы Еркеназ Кажиахметова (қазақ тілінде), 11 «D» сынып оқушысы Зарина Қозы-Көрпеш (ағылшын тілінде) және 11 «D» сыныбында оқитын Алтынай Қуатбек (орыс тілінде) бірінші орынға ие болып, үздік эссе авторлары атанды.