Рахим Баймурзин – Жәутіков олимпиадасының күміс жүлдегері

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Рахим Баймурзин Зияткерлік мектептердің командасы құрамында XVII Халықаралық Жәутіков олимпиадасының күміс медалін жеңіп алды.

8-13 қаңтар аралығында Алматы қаласында Республикалық физика-математика мектебінің базасында онлайн форматта ХVII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Оған әлемнің 21 елі – Қазақстан, Австралия, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Болгария, Грузия, Дания, Үндістан, Индонезия, Иран, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Румыния, Сербия, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан және Украинадан 146 команда, 1006 оқушы қатысты.

Олимпиадада NIS намысын екі команда қорғады: Павлодар, Талдықорған, Қарағанды және Нұр-сұлтан қалаларындағы Зияткерлік мектептер құрамасы мен Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы мектеп командасы. Оқушылар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің медаль коллекциясын 12 марапатпен толықтырды.

– Бұл олимпиададан ерекше әсер алдым. Күміс жүлдеге ие болғаныма қуаныштымын. Олимпиада жақсы ұйымдастырылды, есептерді шешуде де айтарлықтай қиындықтар болмады, –  деп бөлісті Рахим.

Рахимді лайықты жеңісімен құттықтап, алда бұдан да биік белестерді бағындыруын тілейміз!