Отбасындағы адамгершілік және патриоттық тәрбие

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде онлайн форматта «Ата-ана университеті» жобасы аясында 9-10 сынып оқушыларының ата-аналарына арналған «Отбасындағы адамгершілік және патриоттық тәрбие» тақырыбында вебинар өтті.

Вебинардың мақсаты – оқушыларды адамгершілікке және патриотизмге тәрбиелеудегі отбасының рөлін анықтау. Вебинардың міндеттеріне сәйкес, Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеудің жолдары туралы мәселе көтерілді. Олардың ішінде: елдің көпғасырлық тарихы мен оның маңызды оқиғаларын зерттеу және білу; патриотизм – ұлттық рухтың көрінісі, ата-бабалардың еңбегімен, ерік-жігерімен сақталған баға жетпес мұра екенін түсіну; тіл үйрену, туған елдің мәдениеті мен өнерін зерттеу; экология мен табиғатқа қамқор болу.

Шара барысында волонтерлік қызметке қатысу және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу үшін мектепте іске асырылатын әлеуметтік жобалар арқылы және мейірімділік танытып, мұқтаж адамдарға көмек көрсету арқылы патриотизмнің негізі – адамгершілікті тәрбиелеу жолдары талқыланды.

Қатысушылар Отанға деген патриотизм өз отбасын қадірлеу, аға ұрпақты құрметтеу, отбасылық дәстүрлерді сақтау, ана тілі мен ұлттық құндылықтарды үйрену және білу арқылы қалыптасады деген пікірін бөлісті. Отбасылық тәрбие белсенді өмірлік ұстаным мен азаматтық жауапкершілікті танытуға ықпал етіп, жас ұрпақтың өз үйіне, мектебіне, «кіші отанына» және өз еліне деген патриотизмнің негізін қалайды.