Облыстық семинар-практикум өтті

НЗМ тәжірибесін трансляциялау мақсатында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «НЗМ іс-шараларын онлайн форматта ұйымдастыру» облыстық семинар-практикумы өтті. Шараға облыс мектептерінің тәрбие жұмысы бойынша директор орынбасарлары мен сынып жетекшілері қатысты.

Семинар-практикум барысында қатысушылар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қашықтан оқыту жағдайында мектеп жобаларын жүзеге асыру, ата-анамен жұмыс, өзін-өзі басқару ұйымының жұмысы, желілік іс-шаралар мен қосымша білім беруді ұйымдастыру тәжірибесімен танысты.

Педагог-кураторлар Зияткерлік мектепте қашықтан оқыту форматында жүзеге асқан тәрбиелік іс-шаралар мен жобалар жайлы баяндап, оларды ұйымдастыру  жолдарын ұсынды.

Біздің мектеп бүгінде тәрбие процессін Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесі негізінде жүзеге асыруда. Екі жыл көлемінде «Туған елге тағзым», «Қазақтың 100 әні», «TEDx», «READx» және тағы да басқа жобаларды ұйымдастырып келеміз. Аталған шаралар өзінің оң нәтижесін беруде. Бүгінгі семинар да өте мазмұнды өтті. Қатысып, жаңа тәжірибемен танысқанымызға өте қуаныштымыз, – деп ой бөлісті Бауыржан Момышұлы атындағы №77 ЖББМБК-нің директоры орынбасары Рымжан Әділбаева.

Семинар-практикумге облыс мектептерінен барлығы 240 мұғалім қатысты.