Оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының кездесуі өтті

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшылары Отан қорғаушылар күніне орай «Жастар және әскер: жаңа мүмкіндіктер әлде ескі әдеттер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Мектеп оқушылар мен ұстаздары қатысқан онлайн шара өзін-өзі басқару ұйымы арқылы жастардың бастамаларын жүзеге асыру жолдарын талқылап, ой алмасуға және ел алдындағы азаматтық парыз бен патриоттық жауапкершілікті арттыруға бағытталды.
Өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшылары әскер жайлы ойларын ортаға салып, оның әлеуетін арттырып, жастардың бойында Отан алдындағы азаматтық міндетке жауапкершілікті қалыптастырудың маңызы жайлы сөз қозғады. Жиынға қатысқан тарих және БӘД мұғалімдері болса, жастардың арасында әскери қызметке дұрыс көзқарас қалыптастырып, патриоттық рухты арттырудың және Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен майдангер қазақстандықтарға құрмет көрсетіп, тарихқа тағзым етудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жас ұрпақ елдің тұрақтылығының сақшысы – әскердің дамуына үлес қосады деген сенімдерін жеткізді.