Оқушылар жаңа жобамен танысты

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Менің өмірімде қолданатын мақал-мәтелдер» жобасының ашылу шарасы өтті. Жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруға, Ұлы Абайдың 175 жылдығы мен Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына, сондай-ақ Еріктілер жылына орай енгізіліп отыр. Жаңа жоба жас ұрпақтың бойында ата-бабадан қалған асыл мұра, қымбат қазына – мақал-мәтелдерді дәріптеп, оқушылардың тіл байлығын арттыруды мақсат етеді.
«Мақал-мәтел – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауыз әдебиетінің бірегей үлгісі. Ұзақ мерзімді жоба оқушыларға ұлттық құндылықтарды насихаттап, оларды шешендікке баулуды көздейді. Жаһандану дәуірі білім жүйесіне зор ықпал тигізіп жатқан кезеңде рухани-мәдени қазыналарымызды қастерлеп, өскелең ұрпақ тәрбиесінде тағылымды құрал ретінде пайдалансақ, ел болашағына сеніміміз нығая түсері хақ», – дейді жоба ұйымдастырушылары.
Жобаның таныстырылымында оқушылардың қызығушылығын оятып, ізденістерін арттыратын мақал-мәтелмен байланысты ойын-тапсырмалар ұйымдастырылды. Ал шара соңында ұстаздар оқушыларға оқыған шығармалардан өздеріне ұнаған дәйек сөздер мен мақал-мәтелдерді жазып жүруге кеңес берді.