Оқушылар әлемнің үздік жас теннисшісімен кездесті

Бірыңғай тәрбие сағаты аясында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2019 жылдың үздік жас теннис ойыншысы, спорт шебері Алан Курмангалиевпен және оның тәлімгері – спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Эльмира Алиевамен кездесу өтті.
Былтыр 12 жастағы Алан төрт іріктеу жарысында (республикалық, ортаазиялық, азиялық және әлемдік) жеңімпаз атанды. Сондай-ақ ол ITTF Халықаралық үстел теннисі федерациясының Hopes әлемдік командасына бірінші нөмірлі ойыншы ретінде енген болатын. Өткен жылдың соңындағы Қазақстанның жастар чемпионатында Алан спорт шебері көрсеткішін орындап, алтын медальге ие болды. Осылайша ол қазақ спорты тарихындағы үстел теннисі бойынша ең жас спорт шебері болып танылды.
Кездесу барысында оқушылар Алан мен оның жаттықтырушысына түрлі сұрақтар қойды. Атап айтар болсақ, біздің шәкірттерді спортта үлкен жетістіктерге жету жолы, Аланның үстел теннисінен өзге қызығушылықтары, спортпен айналысып жүргеніне қанша болғаны және т.б. қызықтырды. Қонақтар сұрақтарға толықтай жауап беріп, үстел теннисі тарихы жайлы қызықты мәліметтермен бөлісті.
Кездесу соңында спорт шебері Алан Курмангалиев пен мектебіміздің 8 «D» сынып оқушысы, спорт шеберіне үміткер Еркебұлан Кескінбаев үстел теннисін ойнап, көрермендерге шеберлік сыныбын көрсетті. Шәкірттер Аланның шеберлігіне тәнті болып, оған әлем және олимпиада чемпионы атануға тілек білдірді.