NIS оқушысы халықаралық байқау жүлдегері атанды

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Даниал Сагимбаев «Менің елімнің бір күні» халықаралық конкурстық мега-жобаның жүлдегері атанды. 400-ден аса адам қатысқан байқау балалар мен жастарды Жер туралы ғылымдарға баулып, олардың қоршаған әлемді, табиғи ресурстарды зерттеуге қызығушылын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Даниал Сагимбаев аталған байқауға видео жобасын ұсынды. Ол өз жұмысында әлемдегі экологиялық проблемалар тақырыбын көтерді.

– Менің жобам теңіздер мен өзендердің құрғауы, қоқыс мәселесі, ормандардың жойылуы, жаһандық жылыну және техногендік апаттар сияқты тақырыптарға арналды. Видеоның мақсаты – адамдарға біздің кей әрекетіміз табиғатқа қалай кері әсер ететінін және қандай салдарға алып келуі мүмкін екенін көрсету, – дейді Даниал.

Конкурс нәтижесі бойынша Даниал ІІІ орынға ие болды. Жетекшісі – география мұғалімі Гүлназ Жомартова.

«Менің елімнің бір күні» конкурсы –шикізат секторының заманауи өндірісінде жұмыс істеуге қабілетті озық дарынды жастарға арналған жоба. Оған ТМД-ның барлық елдерін қамтитын конкурстық тапсырмалар мен кіші жобалар кешені кіреді.