Фестиваль «Жауыртаудағы кездесу»

2019 жылы 13 қыркүйекте Қарағанды облысының Теміртау қаласында “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Жауыртаудағы кездесу” атты республикалық жастар шығармашылық форум-фестивалі өтті. Бұл форум жас қазақстандықтар үшін шығармашылық алаң болды, онда олар жаңа білім алды; өнердің әр түрлі бағыттарында өз шығармашылықтарын көрсетіп, бөлісті; атақты Қазақстандықтардың жетістіктерін көріп, шабыттанды.

Қазылар алқасының құрамында қазақстандық актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кеңес Нарымбайұлы Жұмабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Владимир Владимирович Дроздецкий, қазақстандық әншілер Жанар Дұғалова, Роман Ким және басқа да танымал композиторлар, музыканттар, Қазақстанның түрлі аймақтарынан фестивальдар мен конкурстардың лауреаттары болды.

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің хореографиялық үйірмесінің “Росток” би тобының қатысушылары байқау нәтижелері бойынша “қазіргі заманғы хореография” номинациясы бойынша І орынды иеленіп, қазақстандық эстрада жұлдыздарымен бір сахнада қорытынды гала-концертте өнер көрсетті.

“Үздік актер” номинациясы Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Оралхан Сәкенге бұйырды.

Театр студиясының, хореографиялық үйірменің, вокалдық студияның жетекшілері Киекбаев Бекмұхамед Мұқатайұлы, Аханова Гүлжан Құттыбайқызы, Джангабилова Айша Айдарқызы, Есенжолова Айтжамал Оралханқызы және Өнерхан Маратбек Теміртау қаласы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Форумның жабылу салтанатында барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Құттықтаймыз! Жарайсыздар