Мектепшілік олимпиададан халықаралық математика олимпиадасына дейін

Бүгін Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Равиль Якупов математика пәні бойынша бірнеше халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері, 11 сынып оқушысы Рахим Баймурзинге медаль мен дипломдарды салтанатты түрде табыс етті.

Осы оқу жылында Рахим көптеген республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Ол XVII Халықаралық Жәутіков және халықаралық Азия-Тынық мұхит математикалық олимпиадаларының күміс жүлдегері, сондай-ақ «Жібек жолы» Халықаралық математикалық олимпиадасының қола жүлдегері. Сонымен қатар, зияткер Назарбаев Зияткерлік мектептерінің желілік олимпиадасы мен Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада екінші орын иеленді.

– Оқушылар республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңі – Қазақстандағы барлық оқушы үшін ең маңызды олимпиада. Алайда мұнымен олимпиада маусымы аяқталмайды. Мен TST-ге (team selecting test) түсіп, іріктеу нәтижесі бойынша төртінші орынды иелендім. Алда мен мектеп намысын математикадан ең беделді сайыс – IMO-да қорғайтын боламын, – деп бөлісті Рахим.

Рахимге сәттілік пен жаңа жеңістер тілейміз!