«Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар флешмобы

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар флешмобы өтті. Дәстүрге айналған флешмоб Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде жыл сайын ұйымдастырылады. Зияткерлік мектеп домбырашылары биыл да дәстүрді үзбеді.

Флешмобқа қатысқан оқушылардың бірі – 12-сынып оқушысы Еркебұлан Кескинбаев. Ол дәстүрлі домбырашылар флешмобына 7-сыныптан бері қатысып келеді. Зияткердің айтуынша, мұндай іс-шаралар кәсіби музыканттардың ғана емес, ұлттық өнерге қызығушылығы бар балалардың да ықыласын арттырады.

– Осындай іс-шаралардың арқасында мен көптеген күйлерді үйрендім. Қазіргі таңда күй өнеріне деген қызығушылығым күн сайын артып келеді, сондықтан мектептегі әрбір іс-шараға қуана қатысамын. Халқымыздың мәдени мұрасы саналатын домбыраны қастерлеп, насихаттамуымыз керек деп ойлаймын. Түрлі күйлер мен халық әндерін тыңдау арқылы рухани бай боларымыз сөзсіз, – деп бөлісті Еркебұлан.

Зияткерлер «Балбырауын», «Адай» және «Көроғлы» күйлерін ойнап, оқушылар мен мұғалімдердің қошеметіне бөленді. Флешмобтың толық видеосын мектептің YouTube арнасынан көре аласыздар: https://youtu.be/hSJYUNY2dPA