Ертегіге толы мейрам: достарға арналған жаңажылдық сый

Жаңа 2021 жыл қарсаңында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мейірім көпірі» клубының еріктілері «Аяз Ата шеберханасы» атты жалпы мектептік жаңажылдық жобасын ұсынды. Жобаға қатысуға мектеп қоғамдастығының барлық мүшесі –оқушылар, ата-аналар, педагогтар мен қызметкерлер шақырылды. Жаңа жыл қарсаңында игі іске үлес қосқысы келетін қатысушылар балалар үйінің тәрбиеленушілеріне өз қолдарымен сыйлықтар мен қолөнер бұйымдарын дайындады.

Бір апта бойы «Аяз Ата шеберханасының» «сиқырлы» қорабы hand-made стиліндегі қызықты бұйымдарға толып, педагогтар, ата-аналар мен оқушылар құттықтау хаттары мен ізгі тілектерін жолдады.

«Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасы аясындағы ынтымақтастық дәстүрі бойынша еріктілер мен «Мейірім көпірі» клубының жетекшісі Гүлнара Сеитова, мектептің педагог-тәрбиешілері Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық балалар үйінде болып, жаңажылдық бұйымдар, ойыншықтар және тәтті сыйлықтарды табыстады. Балалар қысқы демалыс кезінде көңілді демалуға, ойды дамытуға арналған үстел ойындары, сырғанақтар алып, қуанышқа кенелді. Балалар үйі педагогтарының айтуынша, тәрбиеленушілерге ерекше ұнаған сыйлық – үй ошағы. Жылулық символы іспеттес сыйды мектептің педагог-тәрбиешілері мен еріктілері карантин жағдайында кішкентай достарға мерекенің сиқырлы атмосферасын және жаңа жылдық көңіл-күйді сыйлау мақсатында дайындады. Жаңажылдық ошақтың жанында балалар енді қызықты фотосессиялар жасай алады.

Сонымен қатар клуб еріктілері мен мектептің өзін-өзі басқару ұйымы да мерекелік видео құттықтау дайындады. Осылайша олар балалар үйінің мұғалімдері мен балаларына мектеп атынан ең ізгі тілектерін жолдады: https://youtu.be/rJmPvuDsYtc

Уақыт тауып, сыйлықтарды бірге дайындап, ортақ іске үлесін қосқан «Аяз Ата шеберханасы» жобасының барлық белсенді қатысушысына шын жүректен алғыс айтамыз! Мейірім танытқандарыңызға рақмет! Келер жылы да игі істер көп болсын! Біз бірге әлемді мейірімді, әдемі және бақытты ете аламыз! Біз біргеміз! Баршаңызға жаңа жыл құтты болсын!