Қарағандылық зияткерлер жүрек ауруларымен ауыратын адамдарға арналған арнайы құрылғы ойлап тапты

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушылары Алдияр Нақып пен Алпамыс Исабеков жүрек ауруларымен ауыратын адамдарға арналған арнайы құрылғы ойлап тапты. Оқушылардың жобасы Астана қаласында өткен Наурыз кездесулері аясындағы байқауда І орынға ие болды.

Қазіргі таңда жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі ең көп таралған аурулардың қатарында және көптеген өлім мен мүгедектіктің негізгі себебі саналады. Оқушылардың айтуынша, «Имплантталатын кардиостимуляция және дефибрилляция жүйесі» такихардия, брадикардия және қарыншалар фибрилляциясы сияқты ауруларды көп дәрі-дәрмексіз немесе ауқымды дефибриллятор құрылғысын қолданбай емдеуге көмектеседі.

– Біздің құрылғы тері астына имплантацияланады және қан тамырлары арқылы жүрекке электродтар орнатылады. Құрылғы ауру типін бірден анықтап, арнайы электрлік импульстар жібереді. Осы импульстар жүрек бұлшықеттеріне әсер етіп, олардың жұмысын тежейді не жылдамдатады, – дейді Алдияр.

Алдияр бұл жобаны Астанада өткен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің дәстүрлі Наурыз кездесулерінде ұсынды. Биыл «Биомедицина, инженерия және технологиялар» тақырыбында өткен ғылыми байқауға 6 секция бойынша 100-ге жуық жоба қатысты. Қарағандылық оқушылардың өнертабысы «Ақылды» протез бен оның элементтерін жасау. Экзо- және эндопротездеу» секциясы бойынша үздік деп танылып, І орынға ие болды. Жобаны сәтті қорғағаны үшін Алдияр Нақыпқа Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранты берілді.

Сонымен қатар «Адам ағзасының қызметін бақылауға арналған аппарат-бағдарламалық құралдар» секциясы бойынша қарағандылық зияткер Ұлан Мустафин 3-орынды иеленді.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Наурыз кездесулері осымен он екінші рет ұйымдастырылып отыр. Ғылыми байқауға Қарағандыдағы NIS-тен 5 жоба ұсынылған болатын. Олардың қатарында «Аяқтарының ұзындығы әртүрлі адамдарға арналған робот табан» (авторлары Әмірхан Сандыбаев, Вадим Назаренко), «Сіңдіру әдісімен инкорпорацияланған дәрілік қасиеті бар гидрогель» (авторлары Арыслан Марат, Айбек Қажмұқан), «Бүкірлікпен күресетін Postrue құрылғысы және мобильді қосымшасы» (авторлары Малика Мейрамова, Дильназ Тапина, Индира Дулатова) бар.