Қарағандылық зияткерлер үздік атанды

9 ақпан Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай «Рухты қалам, табанды талант» атты танымдық-зияткерлік ойын өтті.

Мектебіміздің намысын қорғаған 8-сынып оқушылары Аяулым Сапарова, Таир Бақыт, Алтынай Қуатбек, Рамазан Жалғасбай мен Аймереке Рахимбекова ойында оза шауып, І дәрежелі дипломға ие болды.

– Ойын өте қызықты өтті. Бар күш-жігерімізді салып дайындалған еңбегіміз зая кетпей, жүлделі орын алғанға қатты қуанудамыз. Мұқағали Мақатаев халқын қалай сүйсе, халқы да оны солай сүйетін құдіретті, ақиық, сыршыл, ғасыр ақыны, – дейді топ басшысы Аяулым Сапарова.

Ойын үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде оқушылар ұяшық таңдау арқылы ақынның шығармашылығы жайлы қойылған сұрақтарға жауап берсе, екінші кезеңде ақын өлеңдерін бүгінгі күнмен байланыстырып креативті жоба әзірледі. Сайыстың үшінші кезеңінде ақтық сынға өткен екі топтың топ басшылары ақын өлеңінен берілген үзіндіні жалғап, бүгінгі күнмен байланыстыра ойтолғау айтты.

– Мұқағали Мақатаевтің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысқаныма өте қуаныштым, ақын жайлы көп деректер біліп, өзіме рухани азық алдым, іс-шара қызықты болды, сәтті өтті. Мені дайындаған мұғалімдерге, топтастарыма деген алғысым шексіз, – деп бөлісті Таир Бақыт.

– Жарыстың алдында үлкен қобалжу болғаны рас. Алайда біздің топтық дайындығымыз бізге демеу болды. Шыны керек, сұрақтарға дұрыс жауап бере бастағанда бойымызда жеңіске деген сенім пайда болды және осы сенім барлық кезеңдерден жаңылмай өтуіміздің бірден бір себебі екеніне еш күмәнім жоқ. Әрине, мектебіміздің намысын қорғап алып шыққанымызға қуаныштымын. Ал Мұқағалидай ақынның өмірбаянын терең біліп, шығармашылығымен толық танысу бұл сайыстың ең негізгі мақсаты деп ойлаймын, – дейді Алтынай Қуатбек.

Сонымен қатар ойын барысында жоғары белсенділік танытып, тұшымды жауаптар ұсына білгені үшін Аяулым Сапарова арнайы номинациямен марапатталды.

Оқушыларды шын жүректен құттықтап, толағай табыс тілейміз!