Қарағандылық зияткер Балқан математика олимпиадасында қола жүлдеге ие болды

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Рахим Баймурзин кезекті жүлдесімен қуантты. Зияткер Кипрде өткен 38-ші Балқан математика олимпиадасында қола жүлдеге ие болды.

Олимпиадада 18 елдің жас математиктері білімін сынады. Қазақстан атынан қатысқан алты оқушы 1 күміс, 4 қола жүлдеге ие болып, командалық есепте алтыншы орыннан көрінді.

– Онлайн-форматқа қарамастан, олимпиада сәтті өтті: Командадағы оқушылармен кездесіп, келесі жылғы олимпиадаға қажет болатын тәжірибе жинадым. Іріктеу тапсырмаларын шешіп, қоржынымды кезекті медальмен толықтыруға мүмкіндік алдым, – деп бөлісті Рахим.

Биыл Рахим үшін өте жемісті жыл болды деп сеніммен айтуға болады. Жас математик көптеген республикалық және халықаралық олимпиадаларда жақсы нәтиже көрсетіп, жүлде қоржы медальге толықты: XVII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы мен халықаралық Азия-Тынық мұхит математикалық олимпиадасының күміс жүлдегері, «Жібек жолы» Халықаралық математикалық олимпиада мен 62-ші Халықаралық математика олимпиадасының қола жүлдегері.

Сонымен қатар, Рахим жақында Білім министрі Асхат Аймағамбетовпен өткен бейресми кездесуге қатысып, олимпиадалық қозғалысты одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.

Құттықтаймыз!