Қарағандылық НЗМ-дегі Білім күні

Бүгін Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Елбасының «Өркен» білім беру грантын жеңіп алған 144 оқушы үшін алғашқы қоңырау сыңғырлады.
Білім күніне арналған онлайн жиын әнұранмен ашылып, ұстаздар мен оқушылардың жылы лебізімен жалғасты. Мектеп директоры Равиль Якупов ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды оқу жылының басталуымен құттықтап, табыс тіледі.
– Біріңіз үшін биылғы оқу жылы қызыққа толы өмірдің бастамасы болса, енді біріңіз үшін мектеп бағдарламасын меңгерудегі соңғы баспалдақ. Бірақ бәріңіз үшін білімнің негізі қаланатын, талап шыңдалып, жаңа таланттар ашылатын өмірдің маңызды кезеңі болмақ. Осы жолда ынта мен талпыныстарыңыз ортаймай, жаңа белестері бағындыруды тілеймін, – деді мектеп директоры.
Сонымен қатар шара барысында жаз айларында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған оқушылар да аталып өтті.
– Жоғары сынып оқушыларының жетістіктері маған зор мотивация берді. Алдағы уақытта мен де олар сияқты мектебіміздің мерейін үстемдетемін деп сенемін, – дейді 7-сынып оқушысы Айнель Жомартқызы.
Онлайн форматта өткен салтанатты жиыннан жас зияткерлердің алған әсері ерекше.
– Мен мұндай шараға бірінші рет қашықтан қатысып отырмын. Есте қаларлық жиын болды. Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларының бізге деген қарым-қатынасы, әрдайым көмекке келетіні қуантады, – дейді 7-сынып оқушысы Ясмин Ибрагимова.
Естеріңізге сала кетсек, зияткерлер Microsoft Teams платформасында онлайн режимде білім алатын болады.