Қарағандылық NIS-тегі Білім күні

Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 және 8 сынып оқушылары үшін жаңа оқу жылының жаршысы – алғашқы қоңырау сыңғырлады.

Мектеп директоры Равиль Якупов оқушыларды NIS-ке түсуімен құттықтап, оқуда сәттілік тіледі:

– Алда сіздерді жаңа танысулар, жаңа пәндер мен мұғалімдер күтіп тұр. Мұнда сіздер тек пәндік білім ғана емес, бір-біріңізді, үлкендеріңізді құрметтеуге, Отанды сүюді үйренесіз. Мектеп қабырғасындағы осы жыл қуанышты және есте қаларлық болсын! Мектепке қош келдіңіздер!

Алғашқы қоңырауды соғу құрметіне ие болғандардың бірі – 7-сынып оқушысы Жанаділ Енбаев. Ол мектепте жақсы білім алып, жаңа достар мен қызығушылықтар табатынына сенімді.

Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдайға байланысты, былтыр онлайн білім алған 8-сынып оқушыларына да арналған салтанатты жиын өтті. Мектеп директоры мен мұғалімдер оқушыларды былтырғы оқу жылындағы жетістіктерімен құттықтап, жаңа белестерді бағындыруға тілек білдірді:

– Мен бұл күнді былтырғы жаздан бері күттім және бәрі мен ойлағандай болды: мейірімді және ақжарқын мұғалімдер, жағымды атмосфера және әрқашан көмектесуге дайын жоғары сынып оқушылары. Мектепті виртуалды емес, өзіміз аралап көру қызықты болды. Біз армандағанның бәрі бар екен: үлкен мектеп, түрлі үйірмелер, жабдықталған кабинеттер. Мектептің қызықты әлеміне ену үшін сабақтың басталуын асыға күтемін, – деп бөлісті 8-сынып оқушысы Ясмин Ибрагимова.

Ал 9-12 сынып оқушылары Қазақстан Республикасының 30-жылдығына арналған ашық сабақтарға қатысты. Зияткерлер тарихқа көз жүгіртіп, 30 жылда жеткен жетістіктерді талқылады.

– Қазақстан егемендік алғалы маңызды салалардың дамуына баса назар аударып келеді. Соның бірі – біз сияқты жастардың сапалы білім алу мүмкіндігі, – дейді 10-сынып оқушысы Абылай Қайнар.