Қарағандылық NIS қоржыны екі медальмен толықты

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Әлішер Өмірзақ пен Камила Оразбек Республикалық ғылыми жобалар конкурсында жүлдегер атанды.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған жыл сайынғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы биыл онлайн форматта өтті.

Мектептің 12-сынып оқушысы Әлішер Өмірзақ «Айналма гомотетиялар композициясы» жобасын қорғап, геометриялық түрлендіруге қатысты зерттеу нәтижесін ұсынды. Конкурс нәтижесі бойынша Әлішердің жобасы алтын медальге лайық деп танылды.

– Жобалар математиканың түрлі салаларынан қамтығандықтан, конкурс кезінде басқа қатысушыларды да тыңдау қызықты болды, – дейді Әлішер.

11-сынып оқушысы Камила Оразбек болса, білім беру процесінде толықтырылған шынайылық әдісін қолдану бойынша жоба жұмысын жасап, күміс медальге ие болды.

– Жалпы білім беретін мектептердің қажетті құралдармен жабдықталу деңгейін талдай келе, мен барлық оқушылар зертханалық жұмыстарға қатысып, ғылыми тәжірибелер жүргізе алмайтынын, сол себепті олар жаңа тақырыптарды игеруде қиындықтарға тап болатынын білдім. Сондықтан оқушылар ойын түрінде түрлі ғылыми эксперименттерді жасай алатын, 3D объектілермен әрекеттесіп, аудиоматериалдар тыңдай алатын және әртүрлі ғылыми процестердің анимациясын көре алатын мобильді платформа құру қажет деп шештім, – дейді Камила.

Ғылыми жобалардың республикалық байқауына Зияткерлік меткептерден жалпы 73 оқушы қатысып, 53 жоба ұсынылды.

53 жобаның қатарынан 28 жоба жүлделі орындарға лайық деп танылды: 13 жоба – І орын, 9 жоба – ІІ орын, 6 жоба – ІІІ орын.

Оқушылар мен жетекшілерді жеңісімен құттықтап, толағай табыс тілейміз!