Қарағандылық NIS оқушысы математика бойынша халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері атанды

Онлайн форматта XXXIII халықаралық Азия-Тынық мұхит математикалық олимпиадасы және ХХ Халықаралық “Жібек жолы” математикалық олимпиадасы өтті. Математика пәнінен дарынды оқушылар сайысына Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Рахим Баймурзин де қатысты.

Аталған олимпиадалардың мақсаты – математикалық ғылымдар саласында дарынды оқушыларды анықтап, олардың қабілетін дамыту және қолдау үшін жағдай жасау, қатысушы елдер арасында халықаралық білім беру және ғылыми байланысты арттыру.

2021 жылы Азия-Тынық мұхит математикалық олимпиадасына 38 ел қатысты: Аргентина, Австралия, Канада, Гонконг, Индонезия, Жапония, Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Малайзия, Мексика, Жаңа Зеландия, Филиппин, Ресей, Сингапур, Шри-Ланка, Тайвань, Тәжікстан, Түркіменстан, АҚШ, Түркия және т. б.

Ал “Жібек жолы” Халықаралық математикалық олимпиадасында Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Түркия, Әзірбайжан, Қытай және т. б. елдердің оқушылары бақ сынасты.

Олимпиада қорытындысы бойынша Рахим Баймурзин Халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасында күміс жүлдегер атанып, “Жібек жолы”Халықаралық математикалық олимпиадасында ІІІ орынға ие болды.

Рахимді құттықтап, табыс тілейміз!