Сәт сапар, Ұлы даланың жалынды жастары!

Бүгін Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2020-2021 оқу жылы түлектері үшін соңғы қоңырау сыңғырлады. Тағы бір оқу жылын аяқтаған салтанатты жиын биыл онлайн форматта өтті.

Биылғы оқу жылында Зияткерлік мектептен 130 түлек түлеп ұшты. Олардың ішінде 9 оқушы «Алтын белгіге», ал 12 шәкірт үздік аттестатқа үміткер.

Мектеп директоры Равиль Якупов түлектердің алған білімді пайдаға асырып, алға қойған мақсатқа жетеріне сенімді екенін атап өтті.

– Сіздер мектепті айтулы кезең – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында аяқтап отырсыздар. Мектеп жылдарында сіздер тек интеллектуалды тұрғыда жарқын жетістіктерге жетіп қана қоймай, белсенді ұстанымы мен әлеуметтік жауапкершілігі бар, өмірде өз орнын тауып, басқаларға пайдасын тигізе алатын жан-жақты тұлға болып қалыптастыңыздар, – деді мектеп директоры.

Мектеп бітіруші зияткерлер де өз кезегінде аяулы ұстаздарына алғыс айтып, жылы лебізін жеткізді.

– Ардақты ұстаздар, сіздер біздің жақсы адам болып шығуымыз үшін көп күш, уақыт пен еңбек жұмсадыңыздар. Бізге күрделі болған нәрсені қарапайым және түсінікті етуге тырысқандарыңыз үшін, бойымыздағы сенімді арттырып, жаңа нәрсені үйренуге құлшынысымызды арттырғандарыңызға көп рақмет!, – деді мектеп түлегі Саяжан Ельтаева.