Оқушылар қауымдастығы «Шаңырақ»
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқушылар қауымдастығы «Шаңырақ» жобасы негізінде ұйымдастырылған. Оқушылар қауымдастығының мақсаты – бірыңғай топтар құру арқылы оқушыларды ауызбірлікке, біртұтастыққа бейімдеу, жоғары сынып пен төменгі сынып оқушылары арасында бауырмалдық, қамқорлық қарым-қатынас қалыптастыру.
Жалпы «шаңырақ» ұғымының халқымыздың ұлттық мәдениетіндегі орны ерекше. Шаңырақ — мемлекеттiң негiзi — отбасының бейнесi болып табылады. Жаңадан отбасын құрған жастарға, дана халқымыз құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген ниетін «Шаңырағың биік болсын!» деген қасиетті тілекке сыйдырған. Сондықтан рәмiздiк тұрғыдан Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасының негiзiн құрайтын Шаңырақ мазмұны және оның дүниетанымдық мәні тереңде.
Зияткерлік мектептердегі «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығына жас аралығындағы және оқыту тілі әртүрлі екі сынып біріктіріледі (Мысалы, 12 және 9, 11 және 8, 10 және 7). Әр «Шаңырақтың» өз аты, белгілері, ұраны бар.
«Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының міндеттері:
-
Оқушыларды салауатты бәсекелестікке баулу;
-
Кішілерге үлкен топтардың басшылық етуі арқылы жоғары сынып оқушыларының бойында көшбасшылық қасиетін дамыту;
-
Бірлескен, біріккен, ұйымшыл командалар құру, бірігіп бос уақыт тиімді өткізуді ұйымдастыру.