Желілік ғылыми жобалар байқауы

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында ғылыми жобалардың желілік байқауы өтуде. Биыл ғылым додасына 800-ден астам зияткер 16 секция бойынша 550-ге тарта жоба ұсынып отыр.

Желілік байқауда қарағандылық NIS намысын 39 оқушы қорғауда. Оқушылар 42 жоба ұсынды.

– Менің жобам физика мен биологияны біріктіріп зерттеп, есептер жинағын әзірлеуге бағытталған. Екі жаратылыстану ғылымын біріктіру арқылы оқушылардың нәтижелі білім алуын арттыруды мақсат етемін, – деп бөлісті 9-сынып оқушысы Амели Кажибекова.  

Тағы бір 9-сынып оқушысы Арнелла Төлеген пәндік-тілдік кіріктірілген оқуға арналған ағылшын сөздерін жаттауға арналған мобильді қосымша ұсынды.

– Бұл жоба оқушыларға ағылшын тілі қолданылатын физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша сөздерді жаттауға көмектеседі. Бағдарламаны жетілдіріп, App Store-ге жариялау алдында сынақ жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Арнелла.

Желілік ғылыми жобалар байқауы екі кезеңнен тұрады: 17-22 қазан аралығында – онлайн форматта өтсе, күзгі демалыс кезінде Алматы мен Астана қалаларында ұйымдастырылмақ.