Тәрбие жұмысы бойынша тәжірибемен бөлісу

Тәрбие жұмысы бойынша тәжірибемен бөлісу

2019 жылдың 14 мамыры күні Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қарағанды облысы және қаланың жалпы білім беретін мектептерінің тәрбие жұмысы бойынша директор орынбасарларына арналған тәжірибемен бөлісу семинары өткізілді.

Семинар бағдарламасына сәйкес семинар қатысушыларына қосымша білім үйірмелерінің «Ұлы дала мұрагерлері» форумы бойынша шеберлік сыныптар көрсетіліп, практикалық сабақтар мен оқушылардың шығармашылық жұмыстарынан көрме ұйымдастырылды. Куратор жұмысын ұйымдастыру мен оқушыларға білім мен тәрбие беру мақсатындағы заманауи жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы модульді сабақ түріндегі куратор сағаты өткізілді. Сонымен қатар, Зияткерлік мектеп оқушыларының өзін-өзі басқару ұйымының жұмысы мен оқушылардың көшбасшылар форумы туралы да ақпарат берілді. Ақпараттық сауаттылық пен оқу сауаттылығын, сыни тұрғыдан ойлауды қалыптастыру мақсатында оқушылар ата-аналарымен «Әлемдік кофе», «Тізедегі жарақат», «Құндылықтар кітабы» деген белсенді тәсілдерді қолдана отырып, практикалық жұмыстар жүргізілді.

Семинар қатысушылары семинар барысында тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы заманауи әдіс-тәсілдерімен танысып, тәжірибемен алмасып, өздеріне қажетті ұсыныстар мен кеңестер алды. Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің әріптестерімен бірлескен, тәжірибе алмасып, жұмыс жасау барысында семинар қатысушыларында көптеген сұрақтар туындап, олар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру тәжірибесін жүзеге асыру бойынша өздерінің қызықты идеяларымен бөлісті. Семинар соңында қатысушылар өз тараптарынан сапалы ұйымдастырылған семинар үшін алғыстарын білдіріп, алдағы күндерге жаңа жетістіктер тіледі.