«ЖАС КӨШБАСШЫЛАР ФОРУМЫ – 2019»

«ЖАС КӨШБАСШЫЛАР ФОРУМЫ – 2019»

2019 жылдың 16 наурызы күні Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдарының «Жас көшбасшылар форумы – 2019» облыстық форумы өтті. 
Форум барысында жастардың әлеуметтік-мәдени бейімделуінің өзекті мәселелері мен қазіргі таңдағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелері талқыланды. Форумға облыс мектептері өзін-өзі басқару ұйымдарының және ел алдына шығып, танымал болып жүрген қаламыздың жас көшбасшылары шақырылды. Форум қонақтары Қарағанды облысы білім басқармасының қосымша білім “Сарыарқа Дарын” АҒПО басшысы – Балмакаев Саят Маратұлы, Қарағанды облысының «Нұр Отан» партиясының филиалы «Жас Отан» жастар ұйымының төрағасы – Нуржан Жетписбаев Аргынович, Қарағанды қаласының әкімдігінің «Жастар ресурс орталығы» директоры – Бекмурзаев Бахтияр Перналиевич, Қарағанды қаласының «Қайырымдылық» клубының жетекшісі, «Халыққа қызмет» номинациясы бойынша «Замандас» марапатының иегері – Шалабаева Зара Хамитовна және №62 орта мектебінің 11 сынып оқушысы, Қарағанды қаласының жастар мәслихатының хатшысы – Смағұлов Аслан Амангелдіұлы өз салалары бойынша өздерінің тәжірибелерімен, мақсатқа жетудің тиімді әдіс-тәсілдері туралы өздерінің тың ойларымен бөлісіп, ақыл-кеңестер берді.
Форумның екінші бөлігінде бөлінген секциялар бойынша мектептердің өзін-өзі басқару ұйымдары жаңа технологияларды қолдану арқылы жасаған «Жастар, ғылым, инновация» ғылыми жобалары мен «Идеялар бастауы» деген тақырыппен стартап идеялары, «Туған елге тағзым» мен «Қоғамға қызмет» жобасы бойынша таныстырылым жасады. Секциялардағы топтық жұмыстар бойынша қорытынды жасалып, форум соңында келген қонақтарға алғыс хаттар мен қатысушы сертификаттары табысталды. Сонымен қатар, әртүрлі секциялар бойынша ең үздік деп танылған жұмыс түрлеріне арнайы номинациялар бойынша мадақтамалар тапсырылды. Атап айтсақ, “Ең үздік спикер”, “Ең үздік Startapp”, “Ең үздік жоба», “Ең үздік команда”. Форум соңында қорытынды ретінде қатысушылар өз тараптарынан сапалы ұйымдастырылған шара үшін өз алғыстарын білдіріп, алдағы күндерге жаңа жетістіктер тіледі.