Тәжірибе алмасу.

Тәжірибе алмасу.
2019 жылдың 9 қаңтары күні Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қарағанды қаласының жалпы білім беретін мектептерінің тәрбие жұмысы бойынша директор орынбасарларына арналған «Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы» деген тақырыпта бір күндік семинар өткізілді. Семинар бағдарламасы бойынша іс-шара сағат 9.00 де басталды. Алғашқы болып мектеп директоры Р.М.Якупов сөз сөйлеп, семинарға қатысушыларға өткізіліп отырған шараның негізгі мақсаты мен маңыздылығы туралы айтып өтті. Келешекте қала мектептерімен тәжірибе алмасу мақсатында бірлесіп жасалатын жұмыстар жайында да қысқаша түсінік беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тәрбие ісі бойынша директор орынбасары Ж.Ж.Биманова мен тарих пәнінің мұғалімімен бірлесіп «Туған елге тағзым» өлкетану зерттеу жобасы және оны ұйымдастыру жұмыстары бойынша таныстырылым жасады. Таныстырылым барысында фото, видео роликтер көрсетіліп, жоба бойынша жан-жақты ақпарат берілді.

Семинардың екінші бөлігі бойынша педагог-ұйымдастырушы кураторлар мектебіміздегі түрлі әлеуметтік практикалар мен жобалар бойынша, атап айтсақ, «Қоғамға қызмет ету», «100 ән», «100 күйдің тарихы», TEDxNIS» жобалары мен «Баланы жұмысқа ал», «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «2 апта ауылда» әлеуметтік практикалары туралы бір-бірімен сабақтасқан таныстырылымдар жасалып, шеберлік сағаттары көрсетілді.

Сонымен қатар, семинар қатысушылары «Құндылықтарға бағытталған оқыту» бойынша пән мұғалімдерінің сабақтары мен куратор сағаттарына қатысып, тәжірибемен алмасты.

Семинар соңында қатысушылар кері байланыс ретінде бүгінгі күнге қорытынды жасалды. Қатысушыларға өз ойларымен бөлісу үшін арнайы рефлексия парақтары таратылып, кері байланыс жасалды.