Отбасы – Отан ошағы

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақханасында “Отбасы – Отан ошағы” атты концерт өтті. Шарада оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, бүгінгі күннің әлеуметтік мәселелерін көтерген сахналық қойылымдар көрсетті. Ұйымдастырушылар осылайша балаларға отбасылық құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен көрінеді.

Мағыналы кешке жатақхана тәрбиеленушілерінің ата-аналары да қатысты. Олардың қатарында Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, математик Кенеш Әбділда да болды. “Оқушылар қысқа ғана уақытта танымды, тәрбиелі дүние дайындапты. Жасым үлкен болса көріп отырып, жүрегім елжіреді. Осындай шараны ұйымдастырған мектеп ұжымына, балаларға үлкен алғыс айтамын. Бір-бірлеріңізге қолдау көрсетіп, тек биіктен көріне беріңіздер. Білім жолындағы сапарларыңыз оң болсын!”, – деп тілек білдірді ардагер ұстаз.


Сондай-ақ концерттік шарада отбасы тақырыбында жазылған эссе сайысының қорытындысы жарияланып, үздік эсселер көрерменге оқылды.