Жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде Қазақстанда Отбасы күні атап өтіледі.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында елге қызмет отбасынан басталатынын атап өткен болатын:
«Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады.
Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады».
Отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Байқау жеңімпаздарының қатарында Ұлытау облысындағы Доспановтар отбасы бар. Біздің 12 А сынып оқушысы Олжас Қойшыбек мәуелі бәйтерекке айналған Доспановтар әулетінің бір мүшесі. Олжастың атасы Қойшыбек Доспанов ҚазКСР еңбек сіңірген металлургы, Еңбек Қызыл Ту және Октябрь революциясы ордендерінің иегері. Олжас атасын мақтан тұтып, «елдің адал азаматы бол» деген батасына лайық болғысы келеді. Олжасты мұғалімдер мен зияткерлер тәрбиелі және жауапты оқушы, спортшы, белсенді волонтер, қамқор ұл және жақсы дос ретінде біледі.
Мектептің педагогикалық ұжымы барлық ата-аналар мен оқушыларды Отбасы күні мерекесімен құттықтап, әр шаңыраққа денсаулық, амандық және бақ-дәулет тілейді!
Доспановтар әулеті жайлы толығырақ: https://youtu.be/cWusvVBdgpg?si=h2Izj4BKpYzi4nCO