Нұрасыл Құнанбаев «Туймаада» халықаралық оқушылар олимпиадасында І орын иеленді

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Нұрасыл Құнанбаев «Туймаада» халықаралық оқушылар олимпиадасында химия пәнінен бірінші орынды иеленді.

ХХХ «Туймаада» халықаралық олимпиадасына Қазақстан, Индонезия, Румыния, Сингапур және Ресей елдерінің 200-ден астам оқушысы қатысты. Олимпиада дәстүрлі түрде төрт пәннен өтті: информатика, химия, физика және математика.

Нұрасыл бала кезден химияға ерекше қызығады, 2023 жылы зияткер химия бойынша Республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанған болатын.

– Олимпиада екі кезеңнен тұрды: теориялық және экспериментальды. Есептер химияның түрлі салаларын қамтығандықтан, оларды шешу өте қызықты әрі қиын болды. 5 сағаттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай да қалдым. Осылайша, көп дайындықтың арқасында 1 дәрежелі орынға ие болдым, – деп бөлісті Нұрасыл.

Нұрасылды және оны жаттықтырған химия пәнінің мұғалімі Гүлзара Ақпаеваны жеңісімен құттықтаймыз!