Білім күні құтты болсын!

Бүгін Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау сыңғырлады. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын 120 зияткер аттап отыр.

Мектеп директоры Равиль Якупов оқушыларды, мұғалімдер мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, табыс пен сәттілік тіледі. Сонымен қатар жаз айларында халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орынға ие болған оқушылар мен өткен оқу жылын үздік аяқтаған зияткерлер де аталып өтті.

Алғашқы қоңырауды соғу құрметі 12-сынып оқушылары Бахыт Момунов пен Асель Саржановаға және 7-сынып оқушылары Алина Абзалова мен Сері Қадырбекке берілді.

Саптық жиыннан кейін 7-12 сынып оқушыларына арналған Шаңырақ сағаттары ұйымдастырылды.