Республикалық дебат жеңімпаздары

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ақмарал Дайрабай мен Қаныш Берлібеков Astana Debat Union ұйымдастырған Ұлттық мектепшілік пікірсайыс турнирінде жеңіске жетті.

WSDC форматындағы турнир қазақстандық оқушыларды Макаода өтетін халықаралық чемпионатка дайындап, Қазақстандағы мектепшілік пікірсайысты дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Турнирде үздік ойын көрсеткен қарағандылық оқушылар жеңімпаз деп танылып, QazBilim орталығының сертификаттарына ие болды.

– Меніңше, пікірсайыс ресми түрде ойды дәлелді жеткізудің ең жүйелі жолы. Қарсыластармен пікір алмасу тың ақпарат алып, дүниетанымды кеңейтіп қана қоймай, жаңа достар сыйлайды, – дейді 11-сынып оқушысы Ақмарал Дайрабай.

– Дебат турнирі қызықты, тартысты әрі танымды болды. Көтерілген мәселелердің барлығы өте өзекті, ой саларлық. Қарсылас командалармен дебат ойнап қана қоймай, тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік болды, – деп ой бөлісті Қаныш Берлібеков.