«Болашағымыз бірлікте»

«Болашағымыз бірлікте»
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мерекелік концерт болды. Аталмыш шара барысында сөз алған мектеп басшысы барша ұжымды мерекемен құттықтап, егемен еліміздің іргесі берік, болашағы зор болсын деп тілек білдірді. 
Осыдан соң мектеп оқушылары «Ғасырлар рухы. Тұғырлы тәуелсіздік» атты сахналанған қойылым көрсетіп, ал ұстаздар қауымы «Жерім менің» әнін нақышына келтіре орындап мереке көркін қыздыра түсті. Мектеп оркестры «Түркімен», «Балбырауын», «Әлқисса» күйлерін көрермен назарына ұсынса, мың бұралған аруларымыз би биледі. Осылайша ән мен күйге толы мерекелік концертке жиналған жұртшылық та өнерпаздарға қол соғып қошеметін аямады. Көп ұлтты мемлекетімізде бір үйдің баласындай өмір сүріп жатқан ұлт өкілдерінің де салт дәстүрі «Бір үйдің баласындай» деген әнмен үйлесім тауып хореографикалық қойылыммен жалғасты. Концерт соңында ұстаздар мен оқушылар қосылып «Елім менің» әнін шырқады. Мәңгілік еліміздің абыройы асқақ, мерейі үстем болсын!