Жаңалықтар
Қауіпсіздік бейнемониторингі: Ақтөбелік мұғалімдер оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе жасады
06 желтоқсан 2024 16:15
Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері мектептегі оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе ойлап тапты. Ол - мектеп әжетханаларының кіре берісіне орнатылатын бейнемониторинг жүйесі.
Аталмыш жоба Aqtobe Hub алаңында өткізілген «Smart city» хакатонында бас жүлде иеленді. Әзірлемені Ақтөбе қаласындағы NIS-тің информатика пәні мұғалімдері Бақыт Гайсагалеева,Нұрлыбай Ұзақбаев, Ақжол Қасанов, Бахытжан Абылхатов және Бауыржан Шоқанов дайындады.
«Еліміздегі мектеп дәретханаларында төбелестердің жиі орын алатынын естіп, көріп жүрміз. Тіпті, кейде мұндай жанжалдардың соңы қайғылы жағдайға әкеп соғуда. Ұстаз болғандықтан, бұл мәселе бізді алаңдатпай қоймайды. Сол себепті қауіпсіздік бейнемониторингін дәретхананың кіре берісіне орнатуды ұйғардық. Қазір біз алгоритмді әрі қарай жақсартуды жоспарлап отырмыз. Егер жоба іске асса, жасөспірімдер арасында туындайтын құқық бұзушылықтардың алдын алуға септігіміз тиеді деп сенеміз» - деді ұстаздар.
Әзірлеме бейнекамера мен дабыл құрылғысынан тұрады. Олар өзара бір серверге қосылған. Әжетхана ішіндегі оқушыға қауіп төнсе, ол дабыл батырмасын басу арқылы көмек сұрай алады. Сонымен қатар бейнекамера дәретханаға кірген оқушылардың санын есептеп, бейнесін жазады. Егер онда бір мезетте жиналған оқушылар саны белгіленген лимиттен (5-6 оқушы) асып кетер болса, жауапты тұлғаларға автоматты түрде сигнал жіберіледі.
"Smart city" хакатоны 48 сағатқа созылып, ұстаздар жобаны 2 тәулік ішінде жасап шықты. Хакатонда жалпы 31 команда бақ сынап, 13 жоба тапсырылған. Жобалар Актөбе қаласының инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталды.
Жеңімпаз атанған NIS-тің информатика пәні мұғалімдеріне, яғни «Infinite loopers» тобына қосымша ынталандыру сыйлығы ретінде 500 мың теңге табысталды.