banner

Жаңалықтар

AEA-Europe: NIS мұғалімі халықаралық конференцияда

28 қараша 2024 14:51

Ақтөбедегі NIS мұғалімі Кипрдегі халықаралық конференцияға қатысып, зерттеу жұмысын ұсынды

Ақтөбе қаласындағы NIS-тің математика пәні мұғалімі Бақыт Әлжанова Кипрдің Пафос қаласында өткен AEA-Europe халықаралық конференциясына қатысып, оқушылардың математикалық жетістіктеріне жасанды интеллектінің әсері туралы зерттеуін таныстырды.



Конференция «Білім беру саласындағы бағалау тәжірибелерінің дамуы: XXІ ғасырдағы бағалауда технология, жасанды интеллект және процесс деректерін қолдану» тақырыбына арналды. Симпозиумда профессор Therese Hopfenbeck, Кипр Білім және Мәдениет министрлігінің Білімді зерттеу және бағалау (CERE) басшысы, доктор Yiasemina Karagiorgi сөз сөйледі. Халықаралық бағалау бойынша зерттеулер жүргізіп жүрген профессорлар Damian Murchan, Cor Sluijter, Elena Papanastasiou өз зерттеулерімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Бақыт Қонысбайқызы өз баяндамасында оқушылардың математикалық білімін арттыруда Desmos, Mathway, Photomath, Geogebra сынды қолданбалардың тиімділігі мен кері әсерін зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеу 9-сынып оқушылары арасында бір жыл бойы жүргізілген.

«Жалпы, конференция өзіме қатты ұнады, аталмыш конференцияға бірінші рет қатысып тұрмын. Еуропалық, Америкалық әріптестеріммен тәжірибе алмасып, болашақ зерттеуіме қатысты көптеген идеялар алып қайттым.Конференцияға ұсынылған тақырыптар сан алуандығымен ерекшеленді, әсіресе, PISA, TIMSS, PIRLS, TALIS, GCSE, A-Level халықаралық емтихандардың нәтижелеріне қатысты болды», - деді Бақыт Әлжанова.