Жазғы онлайн мектеп

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дәстүрге айналған Жазғы мектеп биыл онлайн өтуде. Мектептің 400-ден астам оқушысы өзі таңдаған пәндер бойынша білімін шыңдауда.
Жазғы мектеп аясында оқушыларға түрлі қызықты курстар ұсынылды. Атап айтар болсақ, шәкірттер мобильді қосымшалар әзірлеу және веб-дизайн бойынша сабақ алып, үй жағдайында физикалық эксперименттер жасап, тіл білімін дамытуда. Сонымен қатар оқушылар пәндік олимпиадалар мен IELTS халықаралық емтиханына дайындық курстарына қатысады.
7-сынып оқушысы Әмірхан Сандыбаев «Математика пәнінен олимпиадаға дайындық» курсын таңдаған. Оның айтуынша, Жазғы мектеп әрбір оқушыға пайдалы әрі қажет.
– Біз осында мектеп бағдарламасына енбейтін немесе тек жоғары сыныптарда таныса алатын ақпаратты біле аламыз. Өзімді айтар болсам, Жазғы мектеп маған логиканы дамытуға көмектесуде, логика мен сыни ойлауды дамытуға арналған түрлі қызықты есептердің бар екенін білдім, – дейді ол.