Жаңа авторлық құқық: Психологиялық жағдайды жақсартуға арналған бағдарлама

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері Алия Жалмағамбетова, Людмила Устинова, Светлана Петерс және 9-сынып оқушысы Алдияр Жұмаділда «Мандала» геометриялық суреттер негізінде психологиялық жеңілдету бағдарламасын әзірлегені үшін авторлық құқыққа ие болды.

Бағдарлама психологиялық жағдайды тұрақтандыруға көмектесетін «Мандала» суреттері арқылы арт-терапия бағытына сәйкес геометриялық өрнектер негізінде стрессті азайтуға арналған. Сонымен қатар бағдарлама арқылы психологтан кеңес алуға болады. Бағдарламаны қолдану саласы – арт-терапия, психологиялық жағдайды бағалау.

«Бағдарлама психолог тесттерді өзі қосып және өзгерте алатындай жасалған. Пайдаланушы тест тапсырғаннан кейін жүйе оның эмоционалды жағдайы туралы ақпаратты көрсетеді. Бағдарламада тіркеу жүйесі, пайдаланушыларды авторизациялау және олардың нәтижелері сақталатын дерекқор бар. Сонымен қатар психологпен кері байланыс мүмкіндігі енгізілген», – дейді авторлар.