«Жүрегім менің – жанартау»: оқушылар қарағандылық ақындармен кездесті

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектепте «Ұлы дала ақындары» және «Замандастар жырлайды» жобалары аясында аймақтың белгілі ақындарымен кездесу өтті. Әдеби кеште сөз өнерінің майталмандары Серік Сағынтай, Қайрат Асқаров, Руслан Нұрбай және Ерік Нарын қонақ болды.

Мектеп оқушылары қарағандылық ақындардың поэзияға, әдебиетке қатысты әңгімесін тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды.

7-сынып оқушылары Інжу Мақан мен Каусар Арғынбай үшін бұл кеш ерекше есте қалары сөзсіз. Ақын қыздар өз өлеңдерін көрермен назарына ұсынып, ақын ағаларының ақыл-кеңесін алды.

– Талантты, дарынды балалардың басын қосқан білім шаңырағына келіп, ерекше атмосфераны сезіндік. Өнерге деген құлшыныс, өлеңге деген іңкәрлікті көріп қатты қуандық, – деп бөлісті ақын Қайрат Асқаров.